05 Наурыз, 2016

Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің бұйрығы  №110 

187 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
2015 жылғы 24 ақпан,Астана қаласы Құқықтық кадастрда жылжымайтын мүлікке құқықтарды жүйелі түрде тіркеу жүргізу ережесін бекіту туралы «Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 26 шілдедегі Заңының 57-бабының 1-тармағына сәйкес, бұйырамын: 1. Құқықтық кадастрда жылжымайтын мүлікке құқықтарды жүйелі түрде тіркеу жүргізу ережесі осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес бекітілсін. 2. Тіркеу қызметі және заң қызметін ұйымдастыру департаменті заңнамамен белгіленген тәртіпте осы бұйрықтың мемлекеттік тіркелуін және оның ресми жариялануын қамтамасыз етсін. 3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Әділет министрінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін. 4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі. Қазақстан Республикасының Әділет министрі Б.ИМАШЕВ. «КЕЛІСІЛДІ» Қазақстан Республикасының Қаржы министрі ____________Б. Сұлтанов 2015 жылғы «__»_________ «КЕЛІСІЛДІ» Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі ____________Е. Досаев 2015 жылғы «__»_________ Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2015 жылғы 24 ақпан №110 бұйрығымен бекiтiлген Құқықтық кадастрда жылжымайтын мүлікке құқықтарды жүйелi тiркеудi жүргiзу ережесi 1. Жалпы ережелер 1. Осы Құқықтық кадастрда жылжымайтын мүлікке құқықтарды жүйелi тiркеудi жүргiзу ережесi (бұдан әрi – Ереже) «Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 57-бабының 1-тармағына сәйкес әзірленіп, құқықтық кадастрды жылжымайтын мүлiкке бұрын туындаған құқықтар (құқықтық ауыртпалықтар) туралы мәлiметтермен толықтыру мақсатында құқықтарды жүйелi тiркеудi жүргiзудiң мерзiмi мен тәртiбiн айқындайды және есепке алу сипатында болады. 2. Жылжымайтын мүлiкке бұрын туындаған құқықтардың (құқықтық ауыртпалықтар) туындаған күнi жүйелi тiркеу кезiнде бұрын туындаған құқықтар (құқықтық ауыртпалықтар) туындаған сәтте қолданылған Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құқық белгiлейтiн құжаттардың негiзiнде айқындалады. 3. Осы Ереже облыстардың, Астана және Алматы қалаларының жергiлiктi атқарушы органдарына, облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергiлiктi атқарушы органдарының жер қатынастары жөнiндегi уәкiлеттi органдарына, мемлекеттiк мүлік жөніндегі уәкiлеттi мемлекеттiк орган мен оның аумақтық органдарына, облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергiлiктi атқарушы органдарының сәулет, қала құрылысы және құрылыс iстерi жөнiндегi уәкiлеттi органдарына, тiркеушi органға (бұдан әрi - мемлекеттiк органдар) қолданылады. 4. Мемлекеттiк органдардың жүйелi тiркеудi жүргiзу кезiндегi негiзгi мiндетi тiркеушi органды жылжымайтын мүлiк объектiлерi, олардың құқық иелерi, жылжымайтын мүлiкке құқықтардың туындау түрлерi мен негiздерi туралы ақпаратпен қамтамасыз ету болып табылады. 5. Осы Ережеде мынадай терминдер және анықтаулар пайдаланылады: 1) бұрын туындаған құқық (құқықтық ауыртпалықтар) - 1996 жылғы 1 наурызға дейін туындаған және ол тиісті құқық туындаған сәтте қолданыстағы заңнамаға сәйкес келген жағдайда жарамды болатын жылжымайтын мүлікке құқық (құқық ауыртпалығы); 2) бұрын туындаған құқықтарды құқықтық кадастрда жүйелі тіркеу - жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу жүйесі енгізілгенге дейін туындаған және егер олар туындаған сәтте қолданыстағы заңнамаға сәйкес келсе, жарамды болатын жылжымайтын мүлікке құқықтарды (құқықтық ауыртпалықтар) есептік тіркеу; 3) есептік тіркеу - құқықтық кадастрда мемлекеттік тіркеусіз жарамды болатын жылжымайтын мүлікке құқықтарды (құқықтық ауыртпалықтар), оның ішінде бұрын туындаған құқықтарды есепке алу мақсатында жылжымайтын мүлікке құқықтарды (құқықтық ауыртпалықтар) тіркеу; 4) жылжымайтын мүлік - жер учаскелері, ғимараттар, құрылыстар және жермен тығыз байланысты өзге де мүлік, яғни мақсатына шамадан тыс зиян келтірілмей көшірілуі мүмкін болмайтын объектілер; 5) жылжымайтын мүліктің бастапқы объектісі - әр түрлі функционалдық мақсаттағы ғимараттар және құрылыстар, сондай-ақ ерекше реттеу және қала құрылысын регламенттеу объектілері; 6) жылжымайтын мүлікке құқықтық ауыртпалық - Қазақстан Республикасының заңдарында немесе тараптардың келісімімен көзделген тәртіппен туындаған және құқық иесінің жылжымайтын мүлікке иелік ету, пайдалану және (немесе) билік ету құқығын шектеуде көрінетін жылжымайтын мүлікке құқықты кез келген шектеу; 7) жылжымайтын мүлікті мемлекеттік техникалық тексеру - үйлердің, ғимараттардың және олардың құрамдастарының құқықтық кадастрды жүргізу үшін қажетті техникалық, сәйкестендіру сипаттамаларын айқындау; 8) жылжымайтын мүліктің кейінгі объектісі - құқықтарды тіркеу мақсатында меншіктің жеке (бөлек) құқық (өзге де заттық құқық) объектілері ретінде оларға кадастрлық нөмірлер берілетін тұрғын және тұрғын емес үй-жайлар; 9) жылжымайтын мүлік объектісінің сәйкестендіру сипаттамалары - жылжымайтын мүліктің мекенжайын, мекенжайдың тіркеу кодын (ол бар болған кезде), түрін, кадастрлық нөмірін, меншік нысанын, құрамдастарының санын, жерлерінің, санаттарын, бөлінуін, нысаналы мақсатын, қабатын, ауданын (жалпы, тұрғын, пайдалы) қоса алғанда, жылжымайтын мүлік объектісі туралы құқықтық кадастрды жүргізу мақсатына қажетті мәліметтер; 10) құқық белгілейтін құжаттар - солардың негізінде жылжымайтын мүлікке құқықтар (құқықтық ауыртпалықтар) туындайтын, өзгеретін және (немесе) тоқтатылатын құжаттар; 11) құқықтық кадастр - жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтардың бірыңғай мемлекеттік тізілімі; 12) құқықтық кадастрдан мәліметтер - құқықтық кадастрда қамтылған жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар (құқықтық ауыртпалықтар) және мемлекеттік тіркеудің өзге де объектілері туралы ақпарат және тіркеуші орган ұсынатын тіркеу ісіндегі құжаттардың көшірмелері; 13) өтініш беруші - құқық иесі, сатып алушы және мүддесі үшін мемлекеттік тіркеу жүзеге асырылатын өзге де адамдар; 14) өтініш берушінің уәкілетті өкілі - өтініш берушінің атынан өтініш беретін және сенімхатқа, заңнамаға, соттың шешіміне не құқықтық актіге негізделген өкілеттіктерге орай мемлекеттік тіркеуге байланысты өзге де әрекетті жүзеге асыратын адам; 15) техникалық паспорт - жылжымайтын мүлікті мемлекеттік техникалық тексерудің нәтижелері бойынша жасалған, құқықтық кадастрды жүргізу үшін қажетті, бастапқы немесе кейінгі объектінің техникалық, сәйкестендіру сипаттамаларын қамтитын белгіленген нысандағы құжат; 16) тіркеуші орган - мемлекеттік тіркеуді жылжымайтын мүліктің орналасқан жері бойынша жүзеге асыратын аумақтық әділет органдары; 17) уәкілетті орган - жылжымайтын мүлікті мемлекеттік тіркеу мен мемлекеттік техникалық зерттеу саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды және қызметті мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган. 2. Жүйелi тiркеудi құқықтық кадастрда жүзеге асыру тәртiбi 6. Мемлекеттiк органдар тіркеу органдарына электронды және қағаз жеткiзгiштерде мынадай: 1) облыстардың, Астана және Алматы қалаларының жергiлiктi атқарушы органдары - жекешелендiрiлген жылжымайтын мүлiктiң тұрғын үй объектiлерi, коммуналдық меншiктегi жылжымайтын мүлiк объектiлерi, жылжымайтын мүлiктiң орналасқан жерiн, жылжымайтын мүлiкке құқықтардың туындау түрi мен негiзiн көрсете отырып, олардың құқық иелерi туралы; 2) облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергiлiктi атқарушы органдарының жер қатынастары жөнiндегi уәкiлеттi органдары - жер учаскесiнiң орналасқан жерiн, оның нысаналы мақсатын, алаңын, құқықтардың пайда болу түрi мен негiзiн көрсете отырып, жер учаскелерiне ұсынылған, берiлген, өткен құқықтар, олардың құқық иелерi туралы; 3) мемлекеттiк мүлік жөніндегі уәкiлеттi мемлекеттiк орган мен оның аумақтық органдарына - олардың орналасқан жерiн, сондай-ақ сатып алушылар мен олардың көрсетiлген объектiлерге құқықтарының туындау негiздерi туралы мәлiметтердi көрсете отырып, республикалық меншiкте тұрған жекешелендiрiлген жылжымайтын мүлiк объектiлерi туралы ақпаратты; 4) облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергiлiктi атқарушы органдарының сәулет, қала құрылысы және құрылыс iстерi жөнiндегi уәкiлеттi органдары - жылжымайтын мүлiктiң техникалық және басқа да сипаттамаларын көрсете отырып, құқық иелерi, жылжымайтын мүлiк объектiлерi туралы қолда бар деректердi ұсынады. 7. Жылжымайтын мүлiкке бұрын туындаған құқықтарды (құқықтық ауыртпалықтарды) жүйелi тiркеу құқық иеленушiлерiнiң өтiнiшi келiп түскен және (немесе) бұрын туындаған құқықтар (құқықтық ауыртпалықтар) туралы шынайы деректер басқа ақпараттық жүйелерден ауыстырылған сәттен бастап он бес жұмыс күнi iшiнде жүзеге асырылады. 8. Осы Ереженiң 6-тармағында аталған мемлекеттiк органдар ақпаратты тiркеушi органға жүйелi тiркеу шеңберiнде өтеусiз негiзде ұсынады. 9. Тiркеушi орган алынған ақпаратты құқықтық кадастр деректерiмен салыстыруды жүргiзедi, содан кейiн жылжымайтын мүлiкке құқықтарды (құқықтық ауыртпалықтарды) жүйелi тiркеудi жүргiзгенi туралы құқық иелерiне хабарлайды. 10. Жылжымайтын мүлiкке бұрын туындаған құқықтарды (құқықтық ауыртпалықтарды) жүйелi тiркеу құқық иеленушiлерiнiң өтiнiш беруi арқылы және (немесе) бұрын туындаған құқықтар (құқықтық ауыртпалықтар) туралы шынайы деректердi мемлекеттiк органдардың басқа ақпараттық жүйелерiнен ауыстыру арқылы жүзеге асырылуы мүмкiн. 11. Жылжымайтын мүлiкке бұрын туындаған құқықтар мен құқықтық ауыртпалықтар туралы деректердi құқықтық кадастрға ауыстыру мемлекеттiк органдардағы деректер шынайы болған кезде жүзеге асырылуы мүмкiн. 12. Жылжымайтын мүлiкке бұрын туындаған құқықтарды (құқықтық ауыртпалықтарды) жүйелi тiркеу өтеусiз жүзеге асырылады. 3. Жекелеген жағдайларда жүйелi тiркеудi жүзеге асыру ерекшелiктерi 13. Егер бастапқы немесе кейiнгi жылжымайтын мүлiк объектiсiне құқықтарды тiркеу туралы өтiнiш берген құқық иесiнде жер учаскесiне құқық белгiлейтiн құжат болмаса не ескi үлгiдегi актiлерде немесе бұрын қолданылған заңнамаға сәйкес жер учаскесiне құқықтардың туындауын растайтын өзге де құжаттарда құқықтық кадастрды жүргiзу мақсаты үшiн қажеттi мәлiметтер болмаса, тiркеушi орган бастапқы немесе кейiнгi жылжымайтын мүлiк объектiлерiне бұрын туындаған құқықты есептiк тiркеудi жүргiзуге мiндеттi. Жер учаскесiне бұрын туындаған құқықты есептiк тiркеу уәкiлеттi орган ескi үлгiдегi актiнiң немесе бұрын қолданылған заңнамаға сәйкес жер учаскесiне құқықтардың туындауын растайтын өзге де құжаттардың негiзiнде жер учаскесiне сәйкестендiру құжатын бергеннен кейiн жүзеге асырылады. Тiркеу үшiн құқық иесi ескi үлгiдегi актiнi немесе бұрын қолданылған заңнамаға сәйкес жер учаскесiне құқықтардың туындауын растайтын өзге де құжатты және жер учаскесiне сәйкестендiру құжатын ұсынады. Құқық иесiнде жер учаскесiне құқық белгiлейтiн құжат болмаған кезде оған құқықтарды ресiмдеу белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады. 14. Бастапқы және кейiнгi объектiлерге бұрын туындаған құқықтарды есептiк тiркеудi жүзеге асыру кезiнде тiркеушi орган құқық иесiнен жылжымайтын мүлiк объектiсiне жаңа техникалық паспортты табыс етудi талап етуге құқығы жоқ. Қажет болғанда жүйелi тiркеудi жүргiзу кезiнде жаңа техникалық паспорт дайындауды жылжымайтын мүлiк объектiсiнiң орналасқан жерi бойынша мемлекеттiк техникалық есепке алу құзыретiне кiретiн Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Жылжымайтын мүлік жөніндегі орталық» республикалық мемлекеттiк кәсiпорындар өтеусiз жүзеге асырады. Бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылғы 26 наурызда Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне №10539 болып енгізілді.